26.06.2023
  83


Автор: Темірғали Көпбаев

Матрица

Өткінші өмір өркешіне өңгерген,
Ирек қамшы ит тірлікті мен көргем.
Есіл дүние – ескі қалып, көне мұң,
Есті жанды шығармайды шеңберден.

Лауһул-Маһфуз жазмышына бағынып,
Көне тарих көшті қара жамылып.
Көкбөрі боп ұлып едім Ай жаққа,
Даусым қайтты шыны аспанға шағылып.

Өмір. Өлім. Бар мен Жоқтың арасы,
Адамзаттың шетсіз-шексіз наласы.
Адамды ажал мазақ етіп ойнайды,
Арманның да келмейді оған шамасы.

Туады адам, өледі адам шерменде,
Тайталасып қайғымен де, сормен де.
Тауқіметпен таусылады талқаның,
Тағдыр мәнін ұқтым ба дей бергенде.

Атқан таңнан, батқан күннен сыр аңдап,
Арманың да бөзге айналар бір оңғақ.
Жұмыр басты пенде болып келген соң,
Жұрттан бөлек кете алмайсың шығандап.

Дәмесі зор жұпар иіс жұмақтан,
Әркім өтер әрқилы жол – сынақтан.
Өмір – біреу,
Әлем– біреу,
Жан – біреу,
Шарам бар ма,
О, қырсық күн, шұнақ таң!





Пікір жазу