26.06.2023
  72


Автор: Серікбай Оспанов

Алды – қызық...

Алды – қызық,


Арты – ойнақ,


Жанарыңда жарты ойнап,


«Ән сал!» дейсің сен маған,


Өзің ессіз карта ойнап.


 


Қалай айтам өлеңді,


Кім бағалар өнерді?!


Төлеухан қыр үстінде,


Ахметхан жоқ енді.


 


Айналдырар қыранға,


Ұлағатты еді ұланға.


Бір ажары ауылдың


Көшіп кетті Күләнда.


 


Жүрмейді енді жанымда,


Ән салмайды Қабылда.


Жақан сайқымазақтау,


Сезбейсің бар-жоғын да.


 


«Ал, алып қой, ала сал!» –


Сөз бе еді елге жарасар?!


Домбырасын сөйлетер


Бір төмпешік – Балашал.


 


Тағдыр деген қатал да


Жүргізбеді-ау қатарда.


Қыз байғұстар – жат жұрттық,


Жоқ «Әу!» дейтін Қапар да.


 


Өмір көріп өнерді,


Тыңдайтын жан жоқ енді.


Тіл-құлақсыз пендем-ау,


Қалай айтам өлеңді?!





Пікір жазу