26.06.2023
  42


Автор: Серікбай Оспанов

Торғай атты елден ем...

Сан биікке самғаған,


Семсер болып сермелген,


Жаңалықты жалғаған,


Деміккенге дем берген,


Арманы – жыр,


Ардағы – ән,


Торғай атты елден ем!


 


Қарт Торғайға үңілсең –


Өбісесің өткенмен.


Жас Торғайда бүгін сен


Көрісесің көктеммен.


Тарихқа жүгінсең,


Абыз ғой ол көп көрген!


 


Тұрса да олпы-солпы боп,


Әсер берер әр көше.


Торғай өзен шолпы боп,


Кең даласын сәндесе,


Дейді кімдер көркі жоқ?!


 


Еститінің ертегі:


Әр кірпіші тіл қатар.


Әр үйі сыр шертеді,


Әр адамы жырлатар.


 


Ойландырып ойы да,


Қызықтырып қыр жатар.


 


Тыртық болып мәңгіге


Текке ойылып қалды ма:


Әр сай айтады әңгіме,


Әңгіме айтады әр жыра.


Тыңда әдемі әнді де,


Көр ақынды, салды да!


Тебірене тіл қатар


Жансызы да, жанды да!


 


Сөйлейді, тек, ұғынсаң,


Музейдегі қылыш та.


«Қылышпын ба бұғынсам,


Сындым, – дейді, – ұрыста!»


Байқа сөзбен ұрынсаң,


Сонда сөзге кіл ұста.


Кешпес сөзден жығылсаң,


Жығылмаған дұрыс та...


 


Торғай нені көрмеген,


Басқа жұртқа көшпеген.


Өле жаздап өлмеген,


Өше жаздап өшпеген.


Өзгерте алмай келеді


Оны әлі де ештеңең!


 


Ойға берді азаттық


Көз сүрінбес аймағы.


Талай отты маздаттық,


Ол жолынан таймады.


Сонда қайран қазақтық


Бұзылмаған қаймағы!





Пікір жазу