25.06.2023
  100


Автор: Серікбай Оспанов

Шашу

Баласы мен келіні тек ойында,


Күні туды шабылып бір шалқитын.


– Шашу!


– Шашу!


Баласының   тойына


Анасы кеп шашып жатыр кәмпитін.


 


– Шашу!


– Шашу!


Шашып   жатыр   көңілін,


– Шашу!


– Шашу!


Шашады елге шаттығын.


Күбірлейді: «Тек бақытты бол, ұлым!


Қолымызға қонды келіп бақ бүгін!»


 


...Қашаннан-ақ бар талантың, бар бағың,


Қазағым-ай,   айналайын   салтыңнан!


Шашу – көңіл   қуанышы   ананың,


Салют болып көк аспанға атылған.


 


Қалбалақтап зыр жүгіріп ақ ана,


Күлім қақты, жас та жауды жанарын.


...Алып барып берейін деп балама,


Қуанышын теріп жүрмін ананың!


 





Пікір жазу