Түнгі терезелер
Сыртқа шығып қыдырамын түнде кіл,
Қызыл-жасыл көше ұқсайды гүлге бір.
Терезенің ар жағында – күллі адам,
Терезенің ар жағында – күллі өмір.
Терезелер – үйдің көзі мыңдаған,
Мен оларға,
Олар қарап тұр маған.
Терезелер – жердегі аппақ жұлдыздар,
Бірі сөніп, бірі жанып... тынбаған.
Терезелер күліп тұрған секілді,
Бәрі-бәрін ұмыт қылған секілді.
Бірі ерте, бірі тым кеш сөнеді,
Шамдары да, жарықтар да не түрлі.
Терезе анау – жарқырап кіл тұратын,
Неге сөнген, күнде сауық құратын?
Мынау үйдің шамы әлі де сөнбепті,
Өлең жазып отыр ма екен бір ақын?
Көз ілместен қарсы алады таңдарын,
Түні бойы сөндірмейді шамдарын.
Ұйқтатпайтын қуаныш па, мұң ба әлде,
Әлде біреу күтіп отыр жан жарын?
Қала тыныш борандардан, дауылдан,
Қорықпайды қара бұлттан, жауыннан.
Жаңа туған сәби бар ма бұл үйде,
Дос-жараны келді ме әлде ауылдан?
Ешбірінде болмаса да шаруаң,
Басыңызға ой келеді алуан.
Бір үйлерден естіледі ащы айқай,
Бір үйлерден естіледі дәру-ән.
Әне , екі бас жаймен ғана түйісіп,
Екі адам тұр құшақтасып, сүйісіп,
Терезені, пердені ашып қойыпты,
Махаббаттан кеткен білем үй ысып?
...Сыртқа шығып қыдырамын түнде кіл,
Қызыл-жасыл қала ұқсайды гүлге бір.
Терезенің ар жағында – күллі адам,
Терезенің ар жағында – күллі өмір...