25.06.2023
  65


Автор: Серікбай Оспанов

Шаттық

Алып  келсе  шаттығын  уақыт  көпке,


Ұғынамыз біз оны бақыт деп те.


Қуанғанда   өзіміз   ұша   жаздап,


Жібереміз   бөрікті   атып   көкке.


 


Төбем  көкке  тигендей, төбем  кекке,


Сен мені енді,  шаттығым, төмендетпе!


Өзіңнен   бір   өзгеше   қуат   алып,


Қуатымды   ұсынып   келем   көпке.


 


Қуаныш   па   көңілді   тасытпаған,


Тұра алмаймын жерге мен басып табан.


Мына   әлемге   ғашықпын   жан-тәніммен,


Жан-тәнімен  мына  әлем  ғашық маған!


 


Дүниенің  достық   қой  тірегі   шын,


Міне,  жаным, жүрегім,  міне,  күшім!


Қолдан келсе жақсылық жасаймын да,


Шаттанамын мен күнде біреу үшін!


 


Ара   жігі   ашылып   ақ-қараның,


Арта   түссе,   ағайын,   бақ-таланың,


Хас жүйріктер  жарыста  озып келсе,


Жеңсе   кілең   әділет – шаттанамын.


 


Осынау бір бақытты шақты ұғыңдар,


Көңілімде   көл-көсір   шаттығым   бар.


Шын қуансам сәл шыдап тұра алмаймын,


Мені,   достар,   аспанға   лақтырыңдар!





Пікір жазу