25.06.2023
101
Гүл дәурен
Он бесім әлде он алтым…
Құштарлық күшін байқадым.
Түндерім дауыл болатын,
Көңіл-көлімді шайқадым.
Аулақтап жүрдім қыздардан,
Сырымды ішкі айта алмай,
Жүрегімде бір ізгі арман,
Бүйірімде бір ой сайтандай.
Әлдене мені мазалап,
Түткілеп болды әлдене.
Жанымды жатыр жазалап,
Балқиды жанып бар дене.
Азап та шектім, терледім,
Білмедім қандай бар қайғы.
Білмедім неге шөлдедім,
Және де шөлім қанбайды.
Айтпадым бүгін сырымды
Жора-жолдасым, досыма.
Сезбеді ешкім мұнымды,
Махаббат деген осы ма?
Жетеледі алға үмітім,
Тағы жаз өтті, тағы күз.
Мазамды ап болды күні-түн
Сары шаш, тәмпіш, сары қыз.
Кеш болса жылдам күн шықпай,
Түндерім өтті шыңдаумен.
Үйірді мені ұршықтай
Ғашықтық дәурен – гүл дәурен!