25.06.2023
  55


Автор: Серікбай Оспанов

Аңқылдап жүрген адам ем...

Аңқылдап жүрген адам ем,


Бірдей ем күлсем баламен.


Бәрін де, бәрін, бәрін де


Өзіммен бірдей санап ем.


 


Күлгенмен бірдей күліп ем,


Қиында бірге жүріп ем.


Құлайтын күн де бар екен,


Демеген едім сүрінем.


 


Кездескенмен де сан дауға,


Ақылым әлі аздау ма?


Аңқылдап жүріп адасып,


Көніп-ақ қалам алдауға.


 


Көрінер көзге кім немен?


Жан емес едім күндеген.


Көбінің алдап тұрғанын


Білсем де болдым білмеген.


 


Өтірік бірақ күлмедім,


(Мақсатым емес бұл менің)


Достар-ау, көңіл үшін ғой


Алданып қалып жүргенім.


 


Жазықсыз тамған тамшылар,


Намысты кейде қамшылар.


Пенденің көңілін жықпайтын


Менде де кінә бар шығар?!


 


Арылмай ізгі арманнан,


Іздедім ізет жалғаннан.


Бақытсыз өтем демеймін


Алданып жорта қалғаннан.


Болмайын шындап алданған.


Болмайын шындап алданған!





Пікір жазу