25.06.2023
  97


Автор: Серікбай Оспанов

Қара базар

Заман туған секілді адам азар,


Жанарлардан жанарға қарады ажал.


Айлалылар айналып саудагерге,


Болып кетті бар көше «қара базар».


 


Ұтыс ойнап жүргендей бір-бірімен,


Түңілейін дедім-ау тірлігінен.


Ән мен күйі күмбірлеп, күні-түні


Түтін шыққан қазақ ем түндігінен.


 


Өзгергендей өмірдің қалпы бүгін,


Өзгергендей қазақтың салты бүгін,


Қара базар ішінде қара кемпір


Қылғындырып ұстап жүр жартылығын.


 


Талай-талай сыйлыны сыйындырып,


Талай-талай қыңырды қиылдырып,


Сұлуларды ақша жүр шешіндіріп,


Мұп-мұздай ғып қайтадан киіндіріп.


 


Қайыршы мен көбейіп қаңғыбастар,


Қалды бүгін ұясыз қарлығаштар.


Адымыңды аштырмай,


Абақтыдай


Артыңды құз, қамайды алдыңды асқар.


 


Қалай қарай аларсың қайран қалмай,


Ар мен Ұят пайдаға байланғандай.


Тіршілік-ай, Тіршілік қалтыраған


Қайыршының қолына айналғандай.


 


Әбжылан мен жайындар жайлап алған,


Анталайды ақи көз айналаңнан.


Жанарларға қараймын жаутаң қағып,


Мейірім байғұс, апыр-ау, қайда калған?!


 


«Не боп кеттік?!» –


Туады сұрақ күнде,


Жақсы хабар жоқ қазір, құлақ түрме!


Ашкөзденіп кейбіреу Арын, малын...


Бәрін сатып жіберді бір-ақ күнде!..


 


Қайырымды қайғыға қалқан етем,


Тар заманды деп жүр ем талқан етем,


Барлық әлем боп кетті «қара базар»,


Қара базар – қай күні тарқар екен?!


 


                     ***


 


Жүз жыл ғұмыр шегі ме, шегі емес пе,


Аз деп, көп деп, ағайын, ерегеспе.


Ойымызда болсыншы, біз кеткен соң,


Кейінгі ұрпақ алады не деп еске?!


 


Жаны – жаз жақсы дей ме, жаман дей ме,


Пенде дей ме, ақ адал адам дей ме?


Надан дей ме, әлде бір сараң дей ме...


Ойлар осы батады маған кейде.


 


Бұл өмірден өткенмен талайды алдап,


Өлмес атың өмірде қалай қалмақ?


Қайта қаулап өседі өртенген шөп,


Қайта гүлдеп жатады сарғайған бақ.


Өлмес атың өмірде қалай қалмақ?


 


Ұйқтатпайды осы ойлар маза бермей,


Өмір көрмей,


Жүрміз бе қаза көрмей?!


Жауыздығың ұмыт боп қала ма ертең,


Өткеніңмен өмірден жаза көрмей?!


 


Қараңғыда Ай туар жалғап Күнді,


Алмастыра алар кім ардақтыңды?!


Бұл өмірде жалтақсыз жүре алмаған,


Болашаққа бармақшы алдап кімді?!


 


Тағдыр – тарпаң,


Өткендер аз ба көнбей,


Өркенді ісі өмірін жалғады өлмей.


Жақсылығың ұмыт боп қала ма шын,


Ғұмыр кешсең ел үшін маза көрмей?!


 


Шарап емес, құйғаным жыр кесеме,


Музам қалсын, өзімді ел білмесе де!


Керемет пе ең,


Пақыр ма ең,


Келер ұрпақ


Қарап айтар ісіңе кім десе де!





Пікір жазу