25.06.2023
  84


Автор: Серікбай Оспанов

Таяқ жедім талай-талай шындықтан...

Таяқ жедім талай-талай шындықтан,


Ешкім де жоқ көзімдегі мұңды ұққан.


Мен бұққанда жастығымның шетіне,


Балдай таудың етегінде Күн бұққан.


 


Тамашаны табиғаттан көрдім мен,


Мен жүргенде табанымда жол жүрген.


Мен күлгенде жағасында шағала


Ойнақ салып, тал дірілдеп, көл күлген.


 


Бір құладым жапырақпен құлаған,


Бірақ мені түсінбеді бір адам.


Дала ғана көк майса боп бас изеп,


Өзен, бұлақ бірге өкіріп жылаған.


 


Сансыз ойлар сәттерінде қамаған,


Жанымды ұғып тіл қатпады жан адам.


Сансыз жұлдыз меніменен бір жылап,


Аспан ғана жанарыма қараған.


 


Жүрегімді жүдеткенде мұң түртіп,


Құрғата алды көз жасымды кім сүртіп?!


Түнімен Ай құшағына ап,


Таң сүйіп,


Күн-Анашым аймалады мың кірпік!


 


Табиғаттан сабақ алдым, үйрендім,


Әуенінен өлең өрдім, күй өрдім.


Таңғы шықпен жуғам талай бетімді,


Табанымнан сипаған шөп, сүйген құм.


 


Табиғатты қалай көрем бөтен мен,


Айнымайды ол анашымнан, көкемнен!


Маңдайымнан сипап майда самалы,


Еркелікті табиғат тек көтерген!


 


Адамдардан сансыз рет алдандым,


Табиғатта жоқ жалған Ай, жалған Күн!


Ашу да бар, мейірім де бар, жан да бар –


Мен даланың тәрбиесін алғанмын!





Пікір жазу