Ағайын, мұңым, қайғым бар
Ағайын, мұңым, қайғым бар,
Айтайын салса ел ақылға:
Аққулар ұшқан айдындар
Айналып жатыр тақырға.
Ақ селеу толқып жататын,
Ақ теңіз болып қыр үсті.
Алаулап күнім бататын,
Айшықтап сол бір күмісті.
Арман ол енді, қырға шық,
Ақ селеулермен нұр қашты.
Ауылды ауыр құм басып,
Адамды ауыр мұң басты.
Айқайлап едік:
«Ғажайып, –
Деп талай – біздің қолда тұр!»
Ақиықтар да азайып,
Аққулар соқыр боп жатыр.
Асқақтап, асып, ұялмай,
Дедік-ау кеше «құдаймыз!»
Асқарға шығу қиялдай,
Аспанға қарап жылаймыз!
Аюдай торға қамалған,
Адам көп бүгін қол жайған.
Айрылдық Арал-Анадан,
Апыр-ау, келді сор қайдан?!
Ақ арман алдап жатқанда,
Адамды Адам қолдай ма?!
Батпаққа кемем батқанда,
Бақытқа бастар жол қайда?!
Өмірден күліп өтердей,
Көңілде талай болды үміт.
Бірақ ел еңсе көтермей,
Бақыттымын деу сорлылық!