25.06.2023
  65


Автор: Серікбай Оспанов

Қонақжай елдің қонысы-ай...

Жылғаға қара, жылайды,


Қыр, дала көмек сұрайды.


Шыңдардың аппақ қарына


Қап-қара түтін құлайды.


Шұрайлы жерлер шыжық боп,


Мұнайлы мекен мұңайды.


Ұлықтар салған ұранмен


Ұмытыппыз-ау құдайды!


 


Аққу-қаз көлден қашқанда,


Тұрған жоқ оңып аспан да!


Қабарып жатыр қара жер,


Таланып жатыр тастар да!


Егінді алқап еңіреп,


Айналып кетті ақ шаңға!


«Артымен үйрек ұшады –


Демеуші ме еді – сасқанда».


Артымызға да ұша алмай,


Алдымызға да ұша алмай,


Ағын сулардан іше алмай,


Айдын көлдерге түсе алмай,


Ақ қайыңдарын құша алмай,


Не болдық, елім, тұсалмай?!


 


Жанашыр достар бар десіп,


Жүргенде ашық қалды есік.


Адалға түкірді албасты,


Табанда қалды тал бесік.


Жолданбайлардың жоқ ісі,


Қонақжай елдің қонысы


Қолына түсіп қалғасын,


Ойылып кетсе бәрібір,


Тойынып неге қалмасын?!


Қарық қып қойып мақтауға,


Құзғын, қарғалар қаптауда,


Тап-таза кеше жерімді,


Табанда әлі таптауда!


...Есігімізді жабайық,


Бесігімізді сақтауға!





Пікір жазу