25.06.2023
  85


Автор: Серікбай Оспанов

Наурызда

Көктем билеп тұр елді,


Шуақта аяз тұншықты.


Терезеден нұр енді,


Кебежеден сүр шықты.


 


Бұлбұл болып кеткен бе,


Тыңдаңызшы шымшықты?!


Қараңызшы көк белге,


Қар астынан қыр шықты!


 


Қашып жатыр қар шыңнан,


Күн жерге алтын біз сұқты.


Жұмыртқадай аршылған


Тон ішінен қыз шықты.


 


Мәре-сәре мәз өңір,


Тіршілікті ыршытты.


Шақ-шақ басып әже жүр,


Нақ-нақ басып ұл шықты.


 


Жүгіреді жанарым,


Қуып өмір – ұршықты.


Тұлымшағы даланың –


Қызыл, сары гүл шықты.


 


Алып келген жаңа жыл


Шалдар ұстап шуақты,


Былдыр-былдыр бала жүр,


Сылдыр-сылдыр су ақты.


 


Жігіт біткен өртендік,


Үміт түртіп қоймайды.


Көлдердегі көркемдік


Көздерде де ойнайды.


 


Нұр сәулесін төкті Күн


Көз қадаған қу қыздай.


Елге де өкпе жоқ бүгін,


Жер де, көк те уыздай!


 


Саулық тілеп жүр Анам,


Жаулық орай жүгіріп.


...Гүлдегелі тұр адам,


Бүрлегелі тұр үміт!





Пікір жазу