Кел, Наурыз!
Ойын-сауық тамаша тойды өткізіп,
Біреу бәлкім, жастығын қойды өткізіп.
Кел, Наурызым,
Жаңа отау,
Жаңа той боп,
Кел, Наурызым,
Қыздарды бой жеткізіп.
Жігер беріп,
Сезімін қозғап әрі,
Кел, Наурызым,
Жігіт қып бозбаланы.
Кел, Наурызым,
Қарттарға қуат алып,
Жасандырып, жасартып боз даланы.
Саған сенім артпайтын адам бар ма,
Қуат ап кел қалжырап қалғандарға.
Мәңгі сөнбес шоқ боп жет ошақтарға,
Мәңгі сөнбес от боп жет жанарларға!
Кел, Наурыз, шаттанып, күлім қағып,
Әрбір шыққан болсыншы Күнің жарық.
Жеңілденіп мен бүгін қалғандаймын,
Кетті білем ескі жыл мұңымды алып?!
Бақыт әкел қайтадан табысқанға,
Жеңіс әкел уақытпен жарысқанға.
Ерлік пенен қонбасын ездік қатар,
Бақыт жеңсін сорменен алысқанда.
Шуақ шашып мерейлі қарады Күн,
Өрнектелген, өлең-күй дала бүгін.
...Өлім-өмір алмасып тұрары хақ,
Өмір алып жет бізге, жаңа күнім!