Ару күтті аңсағандай жігітін...
Ару күтті аңсағандай жігітін,
Ұлдар сені ұзақ тосты, Ұлы күн!
Бар тіршілік күн санады асыға,
Тышқан шықты Ойсыл қара басына.
Шопан ата таңнан үзбей үмітін,
Сексек ата күтті сені күні-түн.
Қамбар ата, Зеңгі баба зәру-ақ,
Сағынышқа келдің қандай дәру ап?!
Жанға сайлы қоныс алып келдің бе,
Малға жайлы өріс алып келдің бе?
Еліме бұл егіс алып келдің бе,
Жеріме, гүл, жеміс алып келдің бе?
Аспаныма жаңа ән алып келдің бе,
Жастарыма талан алып келдің бе?
Ғашықтарға тәтті өмір ап келдің бе,
Пасықтарға ақ көңіл ап келдің бе?
Алаңдатпа!
Тірлік алып келдің бе,
Адамзатқа бірлік алып келдің бе?
Уыз болып, қымыз болып келдің бе,
Бақыт, шаттық арқалаттың сен кімге?!
Бұзып мұңды, үзіп ішегін шердің де,
Ұсақтарға ірілік ап келдің бе?!
Ақ жаңбырдан шашу шашып сен гүлге,
Құшақтарға қуаныш боп ен күнде!