Желтоқсанда
Лайланды ма екен айдыны,
Аққулар неге қайғылы?!
Ұланның шықты ұраны,
Қыранның қайда айбыны?!
Таңым мен бағым қаралы,
Жаным мен тәнім жаралы.
Құлдырап аққан өзендер
Ұрғылап жатыр жағаны.
Ұмыт қып ұлы күндерді,
Құлып боп қара түн келді.
Сенгендер мәңгіп достыққа,
Келгендер қаңғып қырды елді.
Адалдық деп ең ең күшті,
Адалдық сол күн жер құшты.
Шындық-ай, байғұс, шыңғырып,
Бірлік пен тірлік желге ұшты.
Аспанын асқақ құлатып,
Жастарын жасқап, жылатып,
Тастады бәрін талқан ғып,
Қас қағым ғана уақыт.
Ұмытып достық дегенді,
Өрт шалды сол күн денемді.
Ел едім біте қайнасқан,
Сенемін қалай мен енді?!
Қапыда келген қандай дерт,
Шарпыды небір шалғайды өрт.
Жүрегім мұздап, жан жылап,
Тіледім түсім болғай деп.
Әдіре қалды теңдігі,
Кеңдігі,
Қайда елдігі?!
Ұшпағы тамұқ боп шықты,
Құштары бүгін белгілі.
Еңсемді басқан елім-ау,
Санамап едім сені жау.
Иманымды айтпай әуелі,
Иванымды айтқан едім-ау...
Өмірдің ессіз елесі-ау,
Түңілдім, түсім емес-ау.
Опынып елім жатқанда,
Он екі мүшем неге сау?!
Алты алаш – алты кереге ек,
Ақ орда болсақ керемет!
Ірілігің болмаса,
Тірілігің не керек!