25.06.2023
  91


Автор: Серікбай Оспанов

Бүгінгі ауыл

Ауылда адам қалыпты-ау селдіреп тым,


Неге сонша, жүрегім, сен дір еттің?!


Бұзылған үй орнында пеш қалыпты,


Ұңғысындай сұп-суық зеңбіректің.


 


Бірін үйдің ысырып, бірін үйген,


Күңіреніп қарсы алар мұңды күймен.


Темір торлы қараңғы түрмелердей


Терезелер шынысыз үңірейген.


 


Түтін шығып жатыр тек бірер үйден,


Құлазиды ел, қарамас кім үреймен?!


Жалғыз ғана бос қалған баспана емес,


Жастардың да іші рухсыз – үңірейген!


 


Адамдардан бара ма сырттап арман,


Көшеде көп көрінді ұрттап алған...


Оба болған үйлердің орнында енді


Теңселеді теректер жұртта қалған.


 


Көрмесе де ел ысқырып оқ ұшқанын,


Көбісі жоқ кешегі қоңыстардың.


Үңірейген төрт бұрыш үй есігі –


Табытындай қап-қара орыстардың.


 


Көшіп жатыр ауылда қауіп бардай,


Жетер жерге жетсін жүгі ауып қалмай...


Кіп-кішкентай сәбилер теңге етем деп


Сым теріп жүр шоңқандап тауықтардай.


 


Көшіп жатыр, көшкенде қала барар,


Қала барса, қарсы алар қара базар...


Сымсыз, –


Үнсіз


Кешегі ауылдарға


От тасыған жолдағы бағаналар.


 


Тосын жай ғой, торығып, толғанасың,


Кінәлі іздеп, кідігіп, қорланасың.


Оңбаған-ай, әне, біреу отындыққа


Жұлып алды мешіттің соңғы ағашын!


 


Көріп тұрып, шыққар жан, шыдамайды,


Отын жиған білуші ем бұл ағайды...


Сынған көзі кешегі терезенің –


Құмнан көзі ауылдың сығалайды...





Пікір жазу