Туыппын мен шомылып таң нұрына...
Туыппын мен шомылып таң нұрына,
Еш өкпелей алмаймын тағдырыма.
Тереңдерден жасымнан сыр тыңдатып,
Өлең құйды көкірек – сандығыма.
Ұялатқан кеудеме тұлпар-жырын,
Көріп өстім торғайдың сұңқарлығын.
Өлең болып өрілді атқан таңым,
Өскен гүл мен туған Ай, шыққан Күнім.
Өнегелі көп болды дара тұлға –
Өзен – тұлға,
Тау – тұлға,
Дала – тұлға!
Қайтқан құсқа ілесіп кете жаздап,
Келген құстың жүрдім мен қанатында.
Баланың да,
Әр сөзі дананың да
Тәрбиелеп,
Ойлантты нала-мұң да.
Болдым Ана көзінің қарашығы,
Сұлулардың ұйқтадым жанарында.
Батырды да,
Туған ғой ақынды да,
Сыйға тартты Торғайым әр күн мұра.
Ақ сөйлеуді аңғарып ақындардан,
Келді ұқсағым батырға, ақылдыға.
Бөтен елдің қызықпай гүл бағына,
Туған жердің ынтықтым қырларына.
Тұнығынан шайырлар шөл қандырып,
Сүйеп өстім арқамды жырларына.
Думанына ілесіп бұла күннің,
Тұлпар мініп қанатты туған ұлмын.
Қарияның қайралып ақылына,
Ақиқатына Ананың суарылдым.
Туыппын мен шомылып таң нұрына,
Нұры әлемнің бағдаршам тағдырыма.
Барса деумен келемін болашаққа
Есімім еріп жаным жаңбырына.
Гүлі, сыры – жанымның жаңбыры – жыр,
Күн сәулесі, онда аппақ таң нұры жүр.
Мүмкін емес өлуі өлеңімнің,
Өйткені елім, өзіңмен тамыры бір.