25.06.2023
  64


Автор: Серікбай Оспанов

Күні құрсын күңіренген көңілсіздің...

Күні құрсын күңіренген көңілсіздің,


Орға адамды жықпай ма орынсыз мұң.


Мынау ғажап әлемде маздап өтем,


Өмір сүргім келеді, өмір сүргім!


 


Тыңда жердің тынышсыз құрлықтары,


Таңғажайып таң атты, тұрдық тағы.


Кең әлемнен керемет күй тыңдауға,


Кең әлемнен керемет нұр жұтқалы!


 


Тұрдық тағы өмірді жалғау үшін,


Тіршіліктің тоқтап сәл қалмауы үшін.


Аппақ-аппақ арманның самғауы үшін,


Қырандардың қанаты талмауы үшін.


 


Мекендерді топан су алмауы үшін,


Игілік, мақсат оты маздауы үшін.


Айтып соны адамдар, айқайлаймын,


Бірлікті айтсам шығады жан дауысым!


 


Өрге сүйреп тірлікті,


Өмірді ұғып,


Маңдай терді келемін төгілдіріп.


Жар саламын өмірге,


Қарсы аламын,


Ей, адалдық,


Тыныштық,


Көңілділік!


 


Еркін елім, өзіңдей еркін едім,


Серт етемін, мен әлі серпілемін!


Кешірімді жан едім, енді жол жоқ,


Есігімді қақпа мұң, өтінемін!





Пікір жазу