25.06.2023
  67


Автор: Серікбай Оспанов

Адам болып ақиқат жаралдым ба...

Адам болып ақиқат жаралдым ба,


Болмайды енді батуға маған мұңға.


Сыйынатын бір пірім аппақ арым,


Сынақ беріп тұрамын Ар алдыңда!


 


Арманым мен мақсатым – жұп қанатым,


Шынайыдан сыңайы шыққан ақын.


Арым мені арсыздан арашалар,


Арым мені пәледен құтқаратын.


 


Жамылғанда, кейде мұң,


Жаңылғанда,


Сағымдар да,


Орайды жалындар да.


Айрылған күн арымнан мен де жоқпын,


Алға аспауым мүмкін бе арым барда?!


 


Жаңылған да,


Кезім бар тарылған да,


Арым себеп ағымнан жарылғанда!


Адал жанға әрқашан ақ көңілім,


Арым қымбат тәнімнен,


Жанымнан да!


 


Әлемдегі әр іске алаңдаймын,


Арым барда бейтарап бола алмаймын.


Ізгі жандар қуантып ниеттерің,


Мұңды жандар, батады маған қайғың!


 


Тырбанғанға тынымсыз тілегім көп,


Табашылға талғамсыз тірегім жоқ.


Ақиқаттың алдында мазалайды


Арым, жаным, көңілім – жүрегім боп!


 


Арым барда бойымда мен бір Ана,


Өлең-сәби өмірге келді жаңа.


Жайлы, жайсыз хабардан дірілдейді


Ақ жүрегім сезімтал-мембрана!





Пікір жазу