24.06.2023
  84


Автор: Серікбай Оспанов

Ән

Күмбірлеп көкейімде жүрді кілең,


Есімде қалған жақсы үнді білем.


Сол бір ән қалықтады алғаш рет,


Өмірге киіз үйдің түндігінен.


 


Сол бір ән әрі аққу, әрі қыран,


Ұшатын киіз үйдің жабығынан.


Әнші аға қоңыр даусын соза түссе,


Кіретін тыңдаушының жаны бұған.


 


Тыңдауға бүкіл ауыл жиылатын,


Әншінің өзі ән болып құйылатын.


Кейбіреу сонда тіпті қайран қалып,


Әншіге,


Әдемі әнге сиынатын.


 


Жатқандай көмейінен бұлақ ағып,


Көзінде кектің оты тұрады анық.


Ызаға қыз-жігіттер булықса бір,


Кемпір-шал отыратын жылап алып.


 


Тарайды сол тамаша ән үйден-үйге.


Ұмытып кететін жұрт күйбеңін де.


Адамнан бозторғай ма ән үйренген,


Торғайдан адам әлде үйренді ме?


 


Ел болып, қауым болып жарататын,


Асқақ ән өз лебізін тарататын.


Түндіктен ай сығалап түніменен,


Сарғайып сонау белден таң ататын...





Пікір жазу