14.06.2023
  231


Автор: Серікбай Оспанов

Сезіммен ішегі тербеліп...

Сезіммен ішегі тербеліп,


Үн шықса, елге дем беріп,


Рухың кетер асқақтап,


Ауырған жаның емделіп.


 


Қанатын қағып арманың,


Қолыңа қонар ардағың.


Сазға айналар мұңың да,


Жазға айналар жан-жағың.


 


Бабаңның сонда хабары,


Анаңның сонда жанары.


Балаңның сонда қабағы,


Сені іздеп бір сәт табады.


 


Бәрі де асыл, бәрі арда,


Жас үйрілер жанарға.


Тосқауыл бола алмайды


Амал да, небір қамал да.


 


Құлағыңа келіп құс әні,


Шарқ ұрып шаттық ұшады.


Бақыт боп сені құшады


Сал-домбыраның құшағы!





Пікір жазу