14.06.2023
  154


Автор: Серікбай Оспанов

Ән құшағында

Мақпал Жүнісоваға


 


Шүйлікті ме, аққуым, саған қыран,


Дірілдеген жетеді маған бір ән:


Жел тербеген гүлдердей көктемдегі,


Жүрегімдей қорыққан қараңғыдан.


 


Сағыныштан тіреліп жаны алқымға,


Салған әнші кім екен, дала, тыңда!


Бозторғайдың шырылы секілденген


Ән тербейді арманның қанатында.


 


Көктем – көңіл, шуақты жаз да бардай,


Тазалыққа,


Құмарттым назға қанбай!


Жігер, Сенім де осы үнде, осы әуенде,


Үміт оты жүректе маздағандай.


 


Қорықпаймын, тіршілік, тұсадың ба,


Шарықтаймын, күмән жоқ ұшарымда.


Шалқып күннің шуағын уыстаймын,


Балқып тұрмын әсем ән құшағында.


 


Аялайды жанымды ардақ үнім,


Өмір ғажап, тамаша таң да бүгін!


Бәрі шаттық секілді өткенімнің,


Бәрі бақыт секілді алдағымның!


 


Құдіретті бұл әннен бар ма әлемде,


Періштеден үн бе екен қалған әлде?!


...Тірілгендей болдым-ау өліп, қайта,


Кіп-кішкене қара қыз салған әнге!





Пікір жазу