14.06.2023
81
Қыз салған ән
Шаттандырды шабытты шалқыды да ән,
Сен көріндің өнердің әр қырынан.
Жыр оқыдың,
Күй тарттың күмбірлетіп,
Сыр аңғартып көзіңнің жарқылынан.
Керемет күй!
Кеткені-ай тынышымның!
Өзің де әсем!
Қол соқпас бұл үшін кім?!
Алуан түрлі ардақты өнеріңдей
Алуан түрлі мен саған гүл ұсындым.
Сен салған ән – сұлу ән,
Жыр – ғаламат!
Жаным, тәнім, қанымды кірді аралап,
Балғын кейпің, бал жүзің – жанарымда,
Сол бір әуен,
Сол бір күй жүр мазалап.
Сенбейін бе, апыр-ау, сенейін бе,
Отырғандай бұлбұл құс көмейіңде.
Толтырғандай болдың сен әлемді әнмен,
Жүрегімде қалдырдым сол күйіңде.
Естімедім ондай үн еш жалғаннан,
Өнерге елтіп бәлкім бұл ес таңғаннан?!
Қайталанбас па екен-ай сен тартқан күй,
Көк аспанды көтеріп, сен салған ән?!