14.06.2023
101
Алғашқы ән
Ән шырқасаң көңіліңде кір қалмас,
Адам әнсіз бәлкім өмір сүре алмас?!
Ет жүректі елжіреткен, еріткен,
Ойлап тапты екен оны кім алғаш?!
Қім де болса тіршілікке құштар жан,
Дыбыс болып жүрегінен ұшты арман.
Қайғы ма әлде шаттық па екен тудырған,
Үйренді ме әлде әнші құстардан?!
Шығар мүмкін аққан бұлақ сылдыры,
Ақ самалдың, жапырақтың сыбдыры?
Әлде таңғы бозторғайдың үні ме?..
Зердесіне, құйып алды кім мұны?!
Махаббаттан туғаны анық бұл әннің,
Үні, тілі – сұлулыққа құмардың!
Сағыныштан жаралды ма ән әлде,
Кім де болсаң жалынды ішкі шығардың!
Ғажап үндер мәңгілікке жалғасқан,
Келеді әлі қанаттары талмастан.
Алғашқы әуен – сәбилердің уілі,
Ана әлдиі деп ойлаймын алғашқы ән!