Тәтті мұң
Домбыра – шыным, сырларым,
Қатады ғажап маған үн.
Жеткізіп жатыр мұң-зарын
Арманда кеткен бабаның.
Әкеткен біреу бар малы
Еріксіз қыз ба ақ маңдай?
Бұғынған сонда арманы
Шанақтан шығып жатқандай.
Кеттім ғой бүгін толқып тым,
Кеудемді жүрек тұр ұрып.
Жаны ма екен Қорқыттың
Шанаққа қалған тығылып?
Балапан құс па талпынған
Шаңқылап таудың шыңында?
Енесін іздеп шарқ ұрған
Әлде бір жетім құлын ба?
Тиеді неге жүрекке,
Өкінішті ой сап адамға?
Өлерінде
Қыз Жібекке
Төлеген айтқан хабар ма?
Жеткізіп жатыр күй маған
Сырларын байтақ даламның,
Әлемге мынау сыймаған,
Арманың асыл бабамның.
Түтінсіз,
Бұлтсыз бүгін көк,
Ел тыныш,
Елім енді – бақ.
Сәбиім отыр күлімдеп,
Отырмын еріп мен жылап.
Арылып бір сәт күй мұңнан,
Биледі қос ішек қағылған.
Шанаққа бәрін сыйдырған
Айналдым бабаларымнан!