14.06.2023
  96


Автор: Серікбай Оспанов

Өзіңсің сезім шертілген...

Өзіңсің сезім шертілген,


Сырлас боп саған жүрмін мен.


Жеткізе алмасты сен тілмен


Жеткіздің елге үніңмен.


 


Шабытқа өзің деп беріп,


Кеудемнің кені – жырды аштың.


Қос ішегіңмен тербеліп,


Пернелеріңмен сырластым!


 


Шанағыңды сан ұрғылап,


Құлағыңды да бұрадым.


Кейде бір ерке үн құрап,


Солқылдап кейде жыладың.


 


Серігім сенсің,


Сенемін,


Ұлылығыңды ұққанмын.


Шаршаған сәтте демедің,


Қиындықтарда құтқардың.


 


Ысырдың қайғы-мұңымды,


Айналдым тылсым күшіңнен.


Тентектеу ақын ұлыңды


Тек өзің ғана түсінген.


 


Өзіңмен сан жыл өткердім,


Таңдарды таңға жалғаппын.


Сүйенер күшім боп келдің,


Жебей бер мәңгі, ардақтым!





Пікір жазу