14.06.2023
  88


Автор: Серікбай Оспанов

Ақыл туралы

Дөңгеленген секілді  қара бақыр,


Дөңгеленіп дүние бара жатыр.


Айтып маған көрмепті ағам ақыл,


Айтып мен де көргем жоқ балама ақыл.


 


Ізгілікке болған жоқ тапшы күнім,


Қайырымнан қаймығып қашты мұңым.


Мейірімді мейірім ғой тудыратын,


Жақсылықтың анасы – жақсылығың.


 


Ізет қана туады ізеттен де,


Мінез шіркін көнген бе түзеткенге?!


Тыз еткенде сезімім алып ұшып,


Ақылым кіл тұрады күзеттерде.


 


Шығар мұны қызым да, ұлым да ұққан,


Шығармадым ашуды шымылдықтан.


Өтірікке, өсекке өткел бермей,


Аулақ жүрдім қулықтан, зұлымдықтан.


 


Сусындады нәр жинап, жырым құттан,


Қиындықтан жоқ әзір күнім бұққан.


Тағдыр тәлкек еткісі келгенімен,


Әкетпеді жетелеп мұрындықтан.


 


Ісімен тек көрсетіп төзімді Ана,


Жанарынан оқытты сөзін дана.


Ақыл айтып көрмеппін мен де ешкімге,


Ақыл айттым өзіме өзім ғана.


 


Жөн сөйлесе ешкіммен жоқ егесім,


Жанашырлық жан неге бөлемесін.


Әкем, Анам дүние жимаса да,


Кетті маған қалдырып өнегесін.


 


Ұл-қыздарым ақылсыз дей алмаймын,


Жақсы ісіне жанымды қиярдаймын.


Олар да ақыл айтпаса айтпасыншы,


Үлгі бола білсе деп қиялдаймын.


                    


Айтып маған көрмепті Анам ақыл,


Айтып мен де көргем жоқ балама ақыл.


Дөңгеленген секілді қара бақыр,


Дөңгеленіп дүние бара жатыр...





Пікір жазу