14.06.2023
83
Тұңғиықтарға батырған...
Тұңғиықтарға батырған,
Биікке қайта шығарған,
Қуаныш, қайғы татырған
Кеудеде жүрген бір арман.
Өмірден күдер үздірмей,
Қарсы алса түн мен күн алдан,
Ноқтадай, кейде тізгіндей
Кеудеде жүрген бір арман.
Жұта алмай жүрсе мұң-тажал,
Жыр жазып шықсам құмардан,
Өнер-өмірге ынтазар
Кеудеде жүрген бір арман.
Түнімен үйде сөнбейтін
Жанады жиі шырағдан –
Жаныма маза бермейтін
Кеудеде жүрген бір арман.
Күнім жоқ оған ермейтін,
Келемін қуып сонардан.
Жаныма тыным бермейтін
Өшпесе екен сол арман!