14.06.2023
  54


Автор: Серікбай Оспанов

Қайрау

 Күндер өтіп кетіпті шапқылаумен,


Ит-тіршілік етектен тартқылаумен.


Табаға да қалыппын, топтан шығып,


Жаңа ғана өзімді таптым-ау мен.


 


Өкінішің тең түсер өртпен кейде,


Ілестім бе ібіліс шерткен күйге?!


Мен өмірге қарасам сәл ұшқары,


Өлеңім де жеңілдеп кеткендей ме?!


 


Болған шығар аяқтан шалғандар да,


Арпалыспен өсе алсаң арман бар ма?!


Жеккөрмеймін шындықты бетке айтқанды,


Өкпелеймін өтірік таң қалғанға!


 


Аққулармен ұшырып қарғамды алға,


Алданғанға ұқсаймын арзандарға.


Тұлпарлардың, тұсында сұңқарлардың


Мәстек қосып бас бәйге алған бар ма?!


 


Сорлы да ақын емес ем, соңғы да ақын,


Бормен ғана жазылар болды ма атым?!


Серікбай-ау, өбекте Өлең – Ару,


Қодар ма едің сұлуды қор қылатын?!


 


Қайнат миды, қайратты жанып жібер,


Сәнін сезім, келтірсін әрін жігер.


Қантамырдай әр жолың соғып тұрсын,


Барыңды бер әр сөзге, жаныңды бер!


 


Ертеңің кеш, санаңды самғат бүгін,


Адамзатты алсын да арбап тілің,


Аймаласын жүрегін асыл жардай,


Айналасың біріне аруақтының!





Пікір жазу