ТАМҰҚТАҒЫ ТҮН
Жұтып қойдым удың тым көп мөлшерін. – Батасымен үш ірет берген кеңес, – қабыл алдым мен оны! – Өлермендігі мына елдің құрыстырып бұлшық етімді, тәнімді тұлғасыз қалдырды, жерге ұрады басыммен. Шексіз шөлден өліп барам қаталап, тұншығамын, айқайлауға дәрмен жоқ.
Бұл – тозақ, бұл – шексіз азап! Қараңыз: тұр лапылдап өрт-алау! Қалай болса, тұрмын солай лапылдап. Жалғастыр, әзәзіл!
Елестейді шақырғандар жақсылық пен бақытқа: Құтқару. Көргенімді бере алар ма екем бейнелеп? Тамұқтың ауасы әнұрандарды сүймейді.
Миллиондаған жаратылыстар ғажайып рухани тәтті бірлік, Күш, әлем, шамшылдықтың бегзаттығы, – бәрі бар, қайсы бірін айтарсың.
Шамшылдықтың бекзаттығы! Дегенменен, өмір – мұның барлығы.
Қарғыс қана жасаса ғой мәңгілік! Ұшырамай ма қарғысқа, өзін-өзі қылған жандар мүгедек? Мен өзімді тозақтан бір шықтым деп ойлаймын, шынында да тозақтамын, демек, мен. Діни қағидалардың жинағындағыдай болды бәрі де. Мен өз шоқынуымның құлымын. Бақытсыздыққа дайындадыңыздар мені, ата-анам, өздеріңізге де ұсындыңыздар сол сыйды...
О, бейкүнә бейбақ! Пұтқақұлдарға қорқынышты емес тозақ түк. – Дегенменен, өмір – мұның барлығы.
Кейінірек, ермектері қарғыстың тым тереңдеу болады. Бір қылмыс – тез! – адами заңның атымен құлаймын мәңгі жоқтыққа.
Үндеме, бірақ үндеме!..
Бұл ұятпен кінәлау: оттың жеркенішті екенін, ашуымның сұмдық ақымақшылық екенін Шайтан, тұрған сыбырлап. Біреулердің айтқандары адасулар хақында, хош иістер де жасанды, сиқырлар да әр түрлі, балалардың әуені де болды маған жетерлік. – Енді ойланып көрші бір сәт, – ие болдым – ақиқатқа, көріп тұрмын әділдікті: Барлық ойым түзу, мықты, кемелдікке жетуге мен дайынмын... Мақтаныш. – Кеуіп барады бас терім.
Аяй гөр!
Зәре-құтым барады ұшып, Құдая! Бара жатыр бір үрейлі шөл алып. О, сәби шақ, шөптер менен жауындар, ғажайып көл – тас төсекте жантайған, қоңыраудың он екіні соққандағы ай жарығы... Түн ортасы ауа бере қоңырауға көтерілген әзәзіл.
Мария! Қасиетті Қыз!.. – Ақымақ ем мен сұмдық.
Онда, алыста жоқ па маған тілейтін жан жақсылық? Келіңдер! Бетімде көпшік, олар менің естімейді даусымды, олар деген, бар болғаны, елестер. Ешкімнің де өз жақынын ойлауға шамасы жоқ, ал кейін. Жуымаңдар маған. Шығады исі өн-бойымнан күйіктің.
Шек болмайды – бейнесінде елестің. Мен әрқашан өмір сүрдім: тарихқа деген сеніммен, ұстанымдарымды тез арада ұмытып. Ақындар мен визионерлер* қызғанбау үшін – үндемеймін олар жайлы, бірақ мен. Байлығымда есеп жоқ, керек екен теңіз сынды сараңдық.
Е, солай де!
Өмір сағаты тоқтады. Тысқарымын – мен осынау өмірден. Байсалды әбден дінтаным: тамұқ, даусыз төменде, аспан болса, – биікте. – Құмарлықтар, сұмдықтар – отты ұяда көрген түс.
Кеңістікте өтті қанша қастандық!
Шайтан менен Фердинанд, жабайы өсімдік тұқымдарымен бірге жүгіріп келеді... Адымдайды Иисус үстіменен тікенекті бұталардың қызғылтым, майыспайды, ал олар. Абыржыңқы су үстімен жүрді Иисус. Ол тұрғанда жасыл толқын үстінде, жарқыратты біздің шам оның аппақ киімі мен қара бұйра шаштарын.
Жұлып алам жамылғысын құпияның кез-келген, мейлі ол, дін бе, туу, өлім, табиғат пен космогония, өткен күн мен болашақ, жоқтық, тоқтық – бәрібір. Мені қиял әлемі бөлімі бойынша Бас жетекші деп білерсіз.
Тыңдаңыздар!
Менде барлық талант бар! –
Мұнда ешкім жоқ, бар, алайда әлдекім: мен өзімнің байлығымды бекер шашқым келмейді. –
Зәңгілердің жырлары мен қалайсыз ба үр қыздары билерін? Қажет пе, әлде сақина іздеп, жоғалғаным теңіз түбіне шым батып? Қаласаңыз, алтын жасап, шығарайын дәрілердің сан түрін.
Сеніңіз маған! Емдейді сенім, соңынан ертіп, береді ол жеңілдік. Келіңіз маған, – келсін, тіпті сәбилер де кішкене, – жұбатамын сендерді. Сыйлық болсын сіздерге – осы жүрек, ғажайып!
Еңбекқорлар, бейнетқорлар бейшара! Мен сіздерден талап етпен құлшылық; тек сендердің сенімдерің – мені бақытқа бөлейтін.
– Ойланайық және өзіміз туралы. Әлем жайлы өкінбеуге мәжбүрлейді бұл мені. Сәті түсті: енді ешқашан қайғырман. Ақымақтық болды өмірім тәп-тәтті, өкініштің үлкені сол, әрине.
Кел! Ендеше жүгінейік ойға кірмес бетперденің бәріне.
Әрине, біз бұл әлемнен тыс қалдық. Бір дыбыс жоқ. Иіс сезу қабілетім жоғалды. Қайран менің қамалым, Саксония, тал-ағашты орманым! Кеш пенен таң, түн мен күн... Шаршадым.
Дүлей ашуым үшін болғаны жөн ед жеке өзімнің тозағым, өз тозағым – мақтан үшін және де – еркелеу үшін керек еді ол – жаһаннам.
Шаршағаннан өліп барам!
Бұл – бейіт, ең сұмдығы, бара жатырмын құрттарға: Әзілкеш-шайтан, мадағыңа елітіп, еріп кеткенімді қалайсың: Талап етемін! Шайтан шанышқысының соққысын, талап етемін, оттың жалғыз тамшысын.
Шіркін! Қайта оралсам, өмірге!
Көз жүгіртіп кембағалдықтарға осынау. Бұл – у, бұл – сүйіс, мың қайтара қарғыс атсын оларды!
О, әлжуаздығым менің, о, қаталдығы әлемнің!
Аяй гөр мені, Құдайым, жасыршы мендей тым әлжуаз сорлыны! – Жасырындым, жасырынған да жоқпын, ырасы.
Жалын өрлеп барады,
Өрт ішінде – айыпталғандардың жанары.