ТОЗАҚТАҒЫ БІР ЖАЗ
Әлі есімде, бір кездері өмірім тек той болды, онда барлық жүрек біткен ашылып, бал боп ақты сан алуан шараптар.
Бір күн кеште Сұлулықты отырғыздым тіземе. – Ал Ол сұмдық ащы екен. – Қатты сөктім мен оны.
Қарсы шықтым Әділетке сөйтіп мен.
Безіп бердім содан соң. О қара сиқыршылар, о жек көру, о қасиетті күндерім! Өз байлығымды сеніп тапсырдым сендерге!
Жұрдай болдым бар адами үміттен. Оны қылғындыра алатыныма есіріп, жабайы аңша ыршыдым.
Жендеттерді шақырдым, өлер сәтте мылтығының тістейін деп ұңғысын. Ұрандадым барлық қасіреттерге, құм мен қанға өлу үшін тұншығып. Бақытсыздық Құдайыма айналды. Жаттым батпаққа былғанып. Кептіріндім желдеріне қылмыстың. Қабыл алдым есуастың әзілін.
Көктем маған жеткізді нақұрыстың сұмдық үрейлі күлкісін.
Жақында ғана, тұрғанымды байқадым мен ақырғы дем алдында, бәлкім, қайта оятатын тәбетті, кілтін іздеп шықтым ескі сауықтың!
Бұл кілт – ізгілік. Мұндай шешім – сандырақтап жүргенімнің дәлелі!
«Сен қорқау боп қаласың, т.т...» – деп қышқырды Әзәзіл, қызғалдақпен қымтап менің басымды. «Бар өлімге – өзіңнің ындыныңмен, өзімшілдік дертіңмен, әулетімен бар жасаған күнәңнің».
О, тым көбірек емес пе! Қымбатты Сайтан, өтінем сізден, дегенмен: көздің қарашығында қаһар аздау болса екен. Аз ғана кешіккен жамандықтарды күтіп отырып, Сізге, жазушыда баяндау талантының жоқ болғанын ұнататын Сізге мен ұсынамын қарғысқа ұшыраған жанның қойын дәптерінен жыртып алынған бірнеше жаман парақты.