ҚАЛАЛАР
Қалалар, міне! Аллиган менен Ливанның арман тауларын көкке көтерген ел мынау! Мөлдір шынылы һәм ағаш үйшіктер жүріп келеді көзге көрінбес шойын жолдардың бойымен. Мыс пальмалармен, алып бағандармен белдеуленген кәрі жанартаулардың шұңқыры жалын ішінде сазды әнге салып, өкіріп жылап жатыр ғой. Әртүрлі үйшіктердің сыртында салбырап тұрған жаптың үстінде махаббаттың мерекелері сыңғырлап, шатқалдарда қоңыраулы аңшылықтардың қиқулы үні жаңғырып. Жақындап қалды алып әншілер Одағы, төбедегі жарықтай жалаулары мен киімдері бірдей жарқырап. Құз басындағы алаңда кернейлі Роланд жырлайды қаһармандығы хақында. Капитан көпіршелерінің һәм түнеуханалар шатырларының үстінде аспан алауы безендіреді діңгектерді жалаумен. Таулардың жазықтарында мадақ-жырлар күңіреніп, сел арасында көк періштелері серуендеп. Ең биік жота деңгейінен биік – теңіз де, Зуһраның мәңгі туылуымен мазасызданған Орфика* флоты сазымен һәм інжу гуілімен жүктелген, – теңіз кейде күңгірт тартып кетеді, – сонда өлімге жетектейтін естіледі жарылыс. Қия бетте гүлдер жылап тұр, біздің үлкен қару-жарағымыз сияқты. Перілер шеруі қызыл-сары киіммен жыралардан шығады. Жоғарыда аяқтарын батырып ап ағыс мен бұталарға тікенек, бұғылар сүт еміп тұр Диананың үрпінен. Вакх* сүйіктілері – кілең қатын сауыққой жылап жатыр еңіреп кіл өрісте, ай да лаулап, ұлып тұр. Еніп кетті Зуһра үңгіріне дәруіш пен ұстаның. Күзетші мұнаралар да мадақтап тұр халықтардың достығын. Түсініксіз бір әуендер қамалдардан шығады, себебі олар салынған еді сүйектердің үстіне. Аңыздардың бәрі көшті қимылға, ұмтылыстар, құштарлықтар ауылдарда ышқынып. Күйреп қалды күн күркірінің жұмағы. Жабайылар тынбастан түн тойында билеп жүр. Белгісіз бір мезгілде гүлбағында Бағдаттың қозғалысқа түстім мен, онда адамдар жаңа еңбекті мадақтайды жыр қылып, долы желдің астында қаңғып келе жатқанда олар ертегідегі Өлі әруақтарынан тығылатын жер таппас, себебі олар қайта алдынан шығады. Қандай ғана қайырымды қол, қандай ғана бақытты уақыт осы өлкені маған тағы берер екен қайтарып, көрген түсім, әр қимылым қайдан жатыр басталып?