07.06.2023
  73


Автор: Серікбай Оспанов

Шебер сыры

Сүйенерім, сенерім һәм қорегім,


Бар бақытым, қолда барым – өнерім.


Ғұмыр сұрап ала алмайсың ешкімнен,


«Өнерліге – дейді халық – жоқ өлім!»


 


Бесігімде сәби өсті мыңдаған,


Ол ырғалса, мен де бірге ырғалам.


Санап шығу мүмкін емес,


Жасаған


Домбырамның жандарды үнін тындаған.


 


Бала күннен осы еді асыл арманым,


Арманыма әке арманын жалғадым.


Дастарханның сәні – астау, табағым,


Сүйеніш боп жүр қарттарға балдағым.


 


Шапқан ерім арғымақтың үстінде,


Шаңырағым-сәнді бақтың ішінде.


Есігімнен кіріп-шығып жүр шаттық,


Шана көрем, арба көрем түсімде.


 


Ол әкемнің арбасы мен шанасы,


Шебер әкем,


Әкем шебер баласы!


Аса алмасам аса алмаған шығармын,


Мен соларға тартып туғам, шамасы.


 


Бұйымдарым алмастырып алтынды,


Аралап жүр алысты да, жақынды.


Ағайын, сен өмірімді ұзартар


Жасаған сол деп атасаң атымды!


 


Шеберлер ғой жоқты кейде бар қылған,


Шеберлер ғой шыныны от қып жандырған.


Сол бұйымдар қайда барсам қарсы алып,


Көз қуаныш болып шығады алдымнан.





Пікір жазу