07.06.2023
  104


Автор: Серікбай Оспанов

Жүріп келесің, жүріп келесің, жүріп келесің...

Жүріп келесің, жүріп келесің, жүріп келесің,


Жетемін дейсің мақсаттарыңа – үміттенесің.


Өмірдің жолы – ойлы да қырлы, шетсіз де шексіз,


Қиялдағанмен,


Қия алмағанмен күдіктенесің.


 


Аяңдап қалып,


Аялдап барып, шабасың бірде,


Айрылып бірде, мәз болып кейде аласың жүлде.


Дүние – арман,


Дүние – жалған,


Жалғандықтардың


Жырта алмайсың ұстағаныңмен жағасын күнде.


 


Жүре бересің, жүре бересің, жүре бересің,


Парықтымен де, парықсызбен де бірге келесің.


Жарыс та жұлыс көктемің, жазың, күзің өтті енді,


Жүрек алауын,


Жарыс жалауын кімге бересің?!


 


Толғандырады,


Ойландырады, ойға батасың,


Өмір – мұз айдын,


Ойыңды мың-сан тайғанатасың.


Арпалысасың сырттағы бүлік ішіңе көшіп,


Ауыр жүгіңді әлсіз тайлаққа қалай артасың?!


 


Жүріп келесің, жүріп келесің,


Аңсағандарың


Жеткізбей мүлде шаршаған тәнің,


                     Шаршаған жаның.


Ғажап қой ғажап,


           Өмірде мына білмегенің де


Жетер енді алдыңда жолың қанша қалғанын.


 


Өмір бұл – ағыс,


Өмір бұл – жарыс,


Ағысы алдайды,


Ағысына ерген,


Тағдырға сенген жарыса алмайды.


Туғаның болсын, перзентің болсын,


Арнасы басқа,


Іргесі бөлек,


Мүддесі бөлек табыса алмайды.





Пікір жазу