07.06.2023
  113


Автор: Артюр Рембо

ТІРКЕСТЕР

 


 


Бұл әлем бір күні тоқтайды бір қара орманға тіреліп, сол кезде таңғалған төрт бірдей біздердің көздерге арналған, – жағажай үшін бір тек қана, қос өндір бала үшін, сенімін, сезімін сақтаған, – бір ғана үй үшін әуені шалқыған, селкеусіз, сәулелі сезіміміз үшін де, – мен іздеп табамын сендерді.


Бұл жерде тіріден жалғыз шал, керемет, тып-тыныш және де «есепсіз ермекпен» қоршалған, – мен сізге бас ием.


Сіздегі естелік болып мен оянсам, байлап алсам ғой тас қылып, – сапарды аяқтар едіңіз қолымда қылғынып.


 


***


 


Біз ие болғанда шексіз бір қуатқа, –


кім, кәне, шегінер? Біз шаттық шарабын татқанда, –


кім күле бастаған? Біз қатты қаһарға мінгенде, –


не қыла аларсың біздерге? Жайнап бір киініп,


билеңдер, күліңдер!


Махаббат, мен сені ешқашан қуа алман босаға сыртына.


 


 


 


 


***


 


Менің құрбым – кедей қыз, кішкентай аждаһа.


Осынау бақытсыз жандар да һәм мына қылықтар, мендегі қиындық – сен үшін елеусіз жай нәрсе.


Алайда дауысың үзбесін байланыс біздерден:


Осынау үмітсіз дүниеде – сол ғана біздерді жүретін есіркеп.


 


 


 


 


***


 


Шілдеде – күңгірт таң. Ауаға тарайды жел дәмі;


пештегі терлеген отынның иісі; дымқыл гүл;


қызықсыз серуен;


даладан бу келіп шөгеді жаптарға, – неге жоқ ендеше ойыншық, шылымға хош иіс беретін әтірлер?


 


 


***


 


Шіркеудің қоңырауларының арасынан – арқандар,


терезе жақтауларына – гүлтізбек,


жұлдыздан жұлдызға – алтын шынжырды өткіздім, – міне, енді басамын биге мен.


 


 


 


 


***


 


Тоған тұр үнемі түтіндеп.


Ақ шұғыла үстінен көрінген бұл қандай қап-қара сиқыршы? Көгілжім жапырақ иіліп тұрады неліктен?


 


 


 


 


***


 


 


 


Қазына қаржысын


қаптаған тума-


туыстың таусылмас


тойлары


жұтқанда, өрттей


қызғылт нән


қоңырау сарнайды


бұлттардың ішінен.


 


 


 


 


***


 


 


 


 


Сойылған малдың жағымды дәмін тірілтіп, қара шаң менің ұйқысыз түнім үстіне сіркіреп қана жауып тұр. –


Шам жарығын шақырып, керуетке бұрылып, қараңғыға тығылып,


бикештерім мен падиша қатындарым, көріп тұрмын сіздерді!





Пікір жазу