07.06.2023
  86


Автор: Артюр Рембо

ШЕРУ

 


 


Алаяқтар бар алапат. Олардың бәрі Сіздің әлеміңізді жаныштау үшін жаралған. Аса қажет болмаса да асықпай сорып алып жаныңыздың білімін, көрсетеді қабілеттерін керемет. Қандай ғана кемелденген адамдар! Жаз түніндей есі кеткен көздері – қызыл, қара, қажет болса, үш түсті. Тіліп өтер болат сынды көктегі алтын жұлдызды. Бұзыңқы түр, бозарған, алаулап тұр немесе қорғасындай сұрғылт жүз. Ойнақы да қырылдаңқы дауыстар. Һәм жылтырлық Құдайының аяу білмес құшағы! Тым жастар да жүр мұнда, – қызық, олар Керубиноны* қалай қарсы алар еді? – улы сусын, қатерлі құралдары жетерлік. Сүйкімсіз байлық киіндірген оларды әуейі әуес жетектеп, аттандыруда шаһарға жасырын шабуыл жасауға.


О ең қаһарлы бетперделердің қатал Жұмағы! Сіздің көзбаушылардың амал-тәсілін ешбір театрдың сайқымазақтарымен салыстыруға келмейді. Есірік армандары мен есер талғамдарына ылайық тап бола кеткен киімдер киіп, ескі әндерді шырқап, рухтары ешуақытта – тарихтың һәм діннің Рухы болмаған жартықұдайлар мен қараңғы қаңғыбастарды ойнайды. Қытайлар, готтентоттар*, сығандар, шибөрілер, рақымсыз жат күштер, жәдігөй қақпастар, әзәзіл сұмдар – әйгілі балалардың ойын-тәсілдерін малдың сүйкімділігі мен хайуани ожарлыққа әкеп қосады. Тәрбие көрген бикештер үшін жаңа пъесалар мен әндерді орындауларына болар еді олардың. Шебер алаяқтар, мекендер мен жүздерді әрлеп, сиқырлы сайқымазақтықты іске қосады сол сәтте. Көздері лапылдап, қандары ән салып, сүйектер ұзарып, жанардан жастары саулап тұр қызарып. Олардың қалжыңы немесе қаһарлы қан-жыны бір сәтте үзіліп кетуі, бірнеше жылдарға созылып кетуі мүмкін ғой.


Осынау қарақшы шерудің кілтіне Мен ғана ие бола алам. Тек қана Мен.


 


-------------


Керубино* – опера, т.б. шығармалар кейіпкері. Сарай қолбаласы. Готтентот* – Оңтүстік африкалықтардың ебіроаплықтарға таңған атауы.





Пікір жазу