06.06.2023
  73


Автор: Серікбай Оспанов

Мосқал тартып бұл күнде...

Мосқал тартып бұл күнде,


Шыққанмен де шыңдарға,


Көз тікпеуің мүмкін бе


Гүлге,


Қызға,


Гүлзарға?!


 


Күнге,


Айға,


Көк белге,


Мүсінге,


Ою-өрнекке?!


Ынтығасың көктемде


Жайнап кеткен Жер-Көкке.


 


Қарасам қызға


Ұнатпай


Дұрыс емес түрткенің.


Сұлулыққа құмартпай


Қалған күнім –


Біткенім.


 


Сымбат,


Көрік-ем, дәрі,


Жанар көзім шырақтай.


Сұлулық қой


Мені әлі


Келе жатқан құлатпай!





Пікір жазу