Ұғам деп ұға алмадым жалған сырын
Ұғам деп ұға алмадым жалған сырын,
Ұшы да тиді арқама сан қамшының.
Сонда да қақтым қанат,
Ақ анашым,
Ұлыңның білесің ғой арманшылын.
Аз емес қамыққан күн,
Жабыққан күн,
Сәл күлген сәтін бірақ алып қалдым.
Мөлдірін жанға құйып таңғы шықтың,
Сәулесін бойға жидым жарық таңның.
Көргем жоқ тоқмейілсіп қолдағыға,
Бұлбұл құс болғым келді орманыма.
Анашым,
Ақ сүтіңнен алған нәрді
Өлеңнің құйып келем жолдарына.
Кім «жаным», «айналайын» дейді ұлыңды,
Сағынам аймалаған кейде үніңді.
Ұлыма, қыздарыма беріп жүрмін
Өзіңнен алған, апа, мейіріміңді.
Тыңдадым жаным балқып бұлақ – әнді,
Арманым Ай боп туып, түн ағарды.
Жылытсам деп ойлаушы ем бар әлемді,
Жылыта алдым ба екен бір адамды?!
Көзіме көзіңдегі көшті жарық,
Бетіңнен ұялтпадым от шығарып.
Қайғылы қапа күнім, апа, мұңым,
Жас болып жанарымнан кетсін ағып.
Келешек – жақын енді, жолда ғасыр,
Айтамын адамзатқа толғана сыр.
Орын жоқ жүрегімде арамдыққа,
Көңілім – әлі де, апа, Қожанасыр.
Даурығып, дауылдатып салмай ұран,
Өмірдің ұстап келем шалғайынан.
Келешек боп аялы алақаның,
Сипасын ар-ұяттың маңдайынан!