06.06.2023
  120


Автор: Серікбай Оспанов

Өз үйім деп санадың, апа, ел ішін...

Өз үйім деп санадың, апа, ел ішін,


Ғұмыр қумадың,


Тұғыр іздедің мен үшін.


Мен ғана қалдым шаңырағыңды көтеріп,


Бес жаққа кетті бес қызың – қимас жемісің.


 


Дүние құрып, екеуміз ғана қалсақ та,


Мал сатсаң да сен, айналайын-ау, ар сатпа! –


Деп жүрдің, апа,


Сендірдің, апа, сөзіңе,


Ұқтырдың іспен


Бой ұрғызбадың мансапқа.


 


Өлеңімді оқып, жеткенше даусым ән салдым,


Аппақ таңдарды ақ көңіліммен қарсы алдым.


Тым ерте сені жоғалтып алып, анашым,


Сол күндерімді деп ойлап па едім аңсармын.


 


Ертелеу кеттің,


Еркелеу маған көп пе еді,


(Онсыз да аз ба ұлыңның жасын төккені?!)


Әкесіз өстім – лаңы соғыс...


Жастай қап,


Өміріңнің де жесірлікпенен өткені!


 


Екеуміз, апа, отырмаймыз бір қайтадан,


Өзіңдей кім бар мұңымды айтпай байқаған.


...Жалғыз ұл  бүгін өлең жазады мұңайып,


Жалғыз ұл бүгін мұңайып қана айтады ән...





Пікір жазу