Мұңды әуені көтерілді көкке де...
Мұңды әуені көтерілді көкке де,
Кеудем бүгін күңіренген күйтабақ.
Ақша бұлттар өтіңдерші
Көктөбе
Баурындағы қабірді бір сыйпалап.
Алда не тұр?!
Артта қалды көп қызық,
Жылы жақты аңсар жаным құс білем?!
Қайтқан құстар, сәлемімді жеткізіп,
Өтіңдерші сол қабірдің үстінен!
Бала жанды – жан анамды сағындым,
Өтіңдерші, тырналар-ай, тыраулап.
Балам үні емес пе деп
Анамның
Түсер ме екен аруағы бір аунап?!
Кімге айтайын, кімге мұңым шағайын?!
Ой-боранды, қайғы оранды отбасым.
Самал жел-ай, сен тазартып маңайын,
Ақ жаңбыр-ай, жуып өтші көк тасын!
Мәңгілікке орын тиді қырқадан,
Көктем, шуақ төкші, гүлі солмасын.
Мен деп қалсын көрпесін кеп қымтаған,
Ақ ұлпамен орашы, қыс, тоңбасын!
Табиғат-ай, бір өзіңнен күшті не?!
Өтінемін болшы аппақ пейілім.
Күз, жапырақ жапшы анамның үстіне,
Жаз, жадырап төк үстінен мейірім!
...Аялаңдар, аямаңдар бәрін де,
Біз білмейміз не бар, не жоқ ол жақта.
Құран оқып өтіңдер жас қабірге,
Жүрген жандар жер бетінде қонақта!