06.06.2023
  175


Автор: Серікбай Оспанов

Құшағыңда өстік алты балапан...

Құшағыңда өстік алты балапан,


Асыл апам, айналайын, жан апам.


Жадыратар көктемі едің көңілдің,


Сен ең мейірім,


Сен ең аялы алақан.


 


Тауқыметі тағдыр атты қаталдың,


Ерте айрылып, ерте жетім атандым.


Алыс кетсем мені ойлап жабырқап,


Түні бойы кірпік ілмей жатар кім?


 


Жазиралы жаны жайлау, жан ием,


Өзің барда еркелеуші ем, әлди ем.


Енді кімге еркелеймін бала боп,


Өзің барда еркелеуші ем, сәби ем.


 


Өзің едің маған әке, маған бақ,


Сағынышым қалай ғана таралмақ?


Кей түндері жұмысымнан кешіксем,


Енді кім бар отыратын алаңдап?


 


Кім бар енді жалғыз ұлым бар дейтін,


Ұлым үшін шыбын жанымды ал дейтін.


Кім бар енді шалыс бассам ұрсатын,


Ренжімесем  қас-қабағымды аңдитын?


 


Туысқаның, жанашырың көп дейді-ау,


(Жердің өзі ала-құла көктейді-ау.)


Анашым-ай,


Тым ертерек кеттің сен,


Ешбір адам бір өзіңе жетпейді-ау!





Пікір жазу