Алдымда аға, соңымда іні жоқ менің...
Алдымда аға, соңымда іні жоқ менің,
Көп ойлап оны, көз жасты көл ғып төкпедім.
Апам екеуміз тыныштық қана тіледік,
Әкеміз болды күлімдеп тұрса көкте Күн.
Ол кезде киім, ол кезде тапшы болды астық,
Ауыр күндерде ауырлықты бірге қолдастық.
Апам екеуміз алғы күнге ғана асықтық,
Еңбек атты ер азаматты тек жолдас қып.
Алқына басып ат қылып мінген таяқты,
Мен нені білем,
Мен – бала жалаң аяқты.
Сонда да кейде ақ анамды ару аясам,
Әкесіз жетім мені ақ анашым аяпты.
Тоқшылықты да,
Жоқшылықты да, апа, өткердік,
Жалқаулықты да,
Аңқаулықты да жек көрдік.
– Әкең келеді!
– Папаң келеді! – деуменен,
Бір-бірімізді алдап, бір-бірімізге әрі от бердік.
Апам айтатын:
«Орындалар адам арманы,
Өмірдің, қалқам, сонда ғана бар мәні –
Ата-анасын қалдырмайтұғын ұятқа,
Жақсы екен ғой артында тұяқ қалғаны...»
Апамды еске алмай бір күнім бос өтпеген,
Мен сол тұяқ –
Жалғыз тұқым көктеген.
Ырза бол, апа, жарқ етпесем де әзірге,
«Апам айтушы еді, апам айтушы еді», – деп келем.