06.06.2023
  71


Автор: Серікбай Оспанов

Арман қуып сол ұлың алға басып келеді...

Арман қуып сол ұлың алға басып келеді,


Жақсымен де, жаманмен араласып келеді.


Қайғы неткен көп еді, қасірет неткен көп еді,


Жалғыз ұлың солармен жағаласып келеді.


 


Жарығынан өмірдің көп екен ғой түнегі,


Шалыс бассаң, күледі, аз екен ғой тірегі.


Қиындықта Сіз берген ақиқатқа сүйендім,


Адалдықтан келемін ажырамай бір елі!


 


Бағалаудан көп екен қудалау мен құндамау,


Ақ балық ем, көп болды тұзақ, қармақ, құрған ау.


Аман өтсем солардан, асыл, адал, анашым,


Өзің берген жүректің тазалығы шығар-ау...





Пікір жазу