06.06.2023
  137


Автор: Серікбай Оспанов

Ана туралы жырлар

Көз алдымда Апа, ақ жүзің тағы да келді,


Жүректе бір от тұтанып, жағыла берді.


Жанымда жоқсың дегенмен


Жадымда жүрсің.


Өзіңдей қамқор жан маған табыла ма енді?!


 


Білемін оның, сезімін мүмкін емесін,


Күлсем де, апа,


Ол өзім күлкім емесін!


Шаттығым да сол,


Бақытым да сол,


Тек сол ғана –


Көз алдыма келгені бір күн елесің!


 


Мүсіркейтіндей, ұғамын, тіл қатпай бәрі,


Таң атпай қалды,


Өзіңсіз күн батпайды әрі.


Жүрегімдегі ауыр жүк – жоқтығың сенің,


Қарашығымның ұясын құрғатпайды әлі.


 


Сене алмай жүрмін қалайша мәңгі үзілді дем,


Жаратқан неге етті екен дәм-тұзыңды кем?!


Сағынған сәтте анашым, тірілтіп алам.


Көз алдыма келтіріп ақ жүзіңді мен!





Пікір жазу