Қастерлі түс
Арғымақтары астында кісінеген,
Исатай мен Махамбет түсіме енген.
Жиі есіме түседі сол түн енді,
Сәттерімде заманды түсінбеген.
Қабақтары қатулы,
Қолдарында
Анық көрдім қайқы қылыш болғанын да.
Көз алдыма қос батыр келе қалар
Ойдың кейде адассам орманында!
Жел көтеріп Нарынның құмын көкке,
Құм боранда қос батыр бұрылды өртке.
Қорғамақ-ау «қоғалы көл, қом суларын»,
Қоғамымды шалдыққан бүгін дертке?!
Айқай-сүрең, алыс-жұлыс, атыс жоқ па?!
Алаңдайды Шығысқа,
Батыс жаққа.
«Еділ бойы ен тоғай, ел қондырып»,
Табыспақ па,
Білмеймін алыспақ па?!
Ауыр күндер азабы аулақ қалып,
Азаттығым айтылады ардақталып.
Бауыржандар жеңіспен елге оралған
«Исатай-Махамбет» деп жауға аттанып.
Өрлігі мен ерлігі баурапты алып,
Дала айтады шаттанып,
Тау мақтанып
Аталса аты Ар-Намыс бас көтеріп,
Шыға келер бар қазақ аруақтанып.
Тарығып ем...
Тағы да түсіме енді,
Батырлар жоқ,
Аттары тек тұр шідерлі.
Кісінеді!..
Осы үнмен, арғымақтар,
Қалғып кетсем, оятып жүрші мені!