06.06.2023
  69


Автор: Серікбай Оспанов

Көкжиек  нұрға малынып...

Көкжиек  нұрға малынып,


Күн ұясына ақырын


Енетін кешті сағындым.


Көзінде бір от жағылып,


Қара түнді жамылып,


Тікенге талатып балтырын қыз


Келетін шақты сағындым.


 


Қысылып ол,


Кейде қымсынып


Бәрін де кейін ысырып,


Құшағыма еніп, құшағына


Алатын сәтін сағындым.


 


Ері ауып түнде атымның


Бауырына кететінін сағындым.


Тізгінін тежеп ақылдың


Жартысы боп қыз жанымның,


Аулына кететінін сағындым.


 


Еркін самалдай есіліп,


Сезімімді ерке кешіріп,


Ұғатын жанды сағындым.


Мерейіңді өсіріп,


Сөзінде тұратындарды сағындым.


 


Жастық  шақтағы арманымды,


Өртеніп, маздап жанғанымды,


Шөлдегенімді, қанғанымды


Аяулы аулым, құлан иек


Таңдарыңды сағындым!





Пікір жазу