Білім беру жүйесінде «4Cs» дағдының қалыптасуы
Білім беру жүйесінде «4Cs» дағдының қалыптасуы
Әлемдегі ЖОО-дағы білім беру жүйесіндегі трендтердің бірі «hard skills» пен «soft skills» қалыптастыру жолдары мен оған қатысты ұстанымдар болып отыр. Жақында Давоста өткен форумда Клаус Шваб еңбек нарғындағы бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастырудағы басты игілік бұл «soft skills» деп атап өтті. Бүгінгі цифрлы қоғамдағы білім беру жүйесі кәсіби дағдылардың (hard skills) тез өзгеруі мен түрленуі, тіптен университет бітіргенше маманға қойылатын талаптар жаңарып кететін кезеңге тап болғанымызға баса назар аударды.
Қазіргі заманғы білім беру ең алдымен ғылыми білімді практикалық қолданумен байланысты «кәсіби дағдылар» деп аталатын қиын дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Бірақ, сәтті мансап пен заманауи маман иесі болу үшін «жұмсақ дағдыларға» ие болу керек. Бұл барлық кәсіпте және қызметтің кез келген саласында пайдалы болатын, адамдармен қарым-қатынас және тікелей әрекеттесу үдерісінде алынатын жалпы пайдаланушы дағдылар. Белгілі американдық экономист Сет Годин «жұмсақ дағдыларды» екінші деп қарауды доғаратын кез келді дейді. Ол «жұмсақ» атауды «нақтымен» ауыстыруды ұсынады. Жеке қасиеттерден күрделі мәселелерді шешу қабілеті, ұстамдылық, кәсіби шекараны сақтай білу, өзгенің еңбегіне құрметпен қарау, келіссөздер жүргізу, уақытты басқару, көшбасшылық, ұжымдық және коммуникациялық әрекеттер сұранысты болып отыр. Көпмәдениетті әлемде әлеуметтік, саяси, отбасылық өмір мен кәсіби қызметтің өзгермелі жағдайларына бейімделуіне қажетті әлеуметтік-психологиялық құзіреттерге басымдылық берілуде. Тіптен қазіргі ірі танымал компаниялардың рекрутинг бөлімдері сұхбатқа дейін «soft skills» деңгейін анықтайтын түрлі тәсілдерді тест, сұхбат нұсқаларын ұсынады. Бұл үрдіс біздің де еңбек нарғымызда көрініс табуда.
Біз кеңестік дәуірде білім алдық, маман ретінде қалыптастық, ол кезеңде осы «жұмсақ» дағдылар болды ма, болса оның үлгісі қандай болды деген, «soft skills» басты тетіктері қалай қалыптасты деген сұрақ туындайды?...
Оның бірінші баспалдағы қазіргі түсінікпен айтқанда «community» немесе «орта». Біз оқыған университет сол замандағы басқа жоғары оқу орындарына ұқсамайтын, талабы мен бағыты, сапасы мен саны, тіптен кампусымен ерекшеленіп тұратын. Университеттің жаны оқытушы мен студент болса, ол екеуінің де рухани, жасампаздық, кәсіби, зиялылық деңгейі өте жоғары болды. Университетіміз еліміздің қоғамдық-саяси, мәдени, әлеуметтік-экономикалық деңгейіне тікелей ықпалды орта болды десек болады. Осы орта біздің «жұмсақ» дағдыларымызды қалыптасытрды. Кәсіби деңгейде ғана емес, қоғамда өз орнымызды табуға да бағыт-бағдар береген оқытушыларымыз болды. Олардың әр қайсысының білім беру тәсілінен бөлек, қарым-қатынасы, өзін ұстауы мен ұстанымы мен мінезі бізге ықпал етпей қоймады. Қазіргі талаптарға сәйкес «soft skills» тамаша үлгісін сабақ үсітінде, аудиториядан тыс көрсете білгендердің бірегейі Талғат ағайымыз (Талғат Құмарғалиұлы Мекебаев) деп нақты айта аламыз. Екінші курстағы КСРО тарихынан семинар сабағын жүргізді. Ағай аудиторияға кіргенде студенттер тарапынан бір қолайсыздықты ешқашан сезінбейтіміз, керісінше жағымды әсермен жүздесуді, комплиментарлық қарым-қатынасты қалыптастырды.
Әр студенттің пікір айтуына ерекше көңіл бөліп, өзіндік ізденіске итермелейтін (студентке бағытталған білім) тәсілді қолданатын. Автократиялық оқытушы бәрін біледі, студент соны қабылдауы қажет деген ұстанымнан алшақ, студенттің қате жауабын дұрысқа өзі түзетіп емес, бағыттау жолын үйренткен ұстазымыз болды. Курстастарымыз Талғат ағайды «сабырлық» ұғымымен барабар қараса, өзім кейін әріптес қатынасында үйренетіні мол тұлға ретінде таныдым. Үлкенді құрметтеу, кішіге шынайы қамқорлықпен қарау сияқты қасиеттерді жаңадан оқытушылық қызметімді бастағанда анық байқадым, өзімде осы ұстанымды бойыма сіңіріп алдым. Факультет басшылығында болағанда ұжымдағы кез-келген мәселені дау-дамайсыз шешу жолдарын қарастыратын, кәсіби этикетті сақтайтын, ішіндегі өзегі (стержень) мықты ұстаз-әріптесім ретінде үлгі тұттым.
Осы тұста эпостық жырлардағы батыр бейнесін көз алдыма сомдаған Жомарт ағаммен Талғат ағай студенттік кезде етене араласты, түсінікті онда тұрған не бар, студенттік өмірде барлығы араласады деп ойлауларыңыз мүмкін, бірақ менің ағам 1986 жылы «Желтоқсан оқиғасының» қатысушысы ретінде оқудан шығарылып, қоғамнан аластатылған, әділеттсіз қудаланған еді. 1989 жылы ҚазҰУ-ге оқуға қайта оралғанда, жаңа ортасы оған күдікпен, шеттетіп қараған сәтте, Талғат ағай ағаммен бірге бір ұйымда болып, жолдас ретінде де тайсаламастан етене араласып кеткені туралы ағам айтып отырады. Әділдікке жақ, сөзі мен ісінің жанасуын осы бір кішігірім сәттен көруге болады. Сондықтан болар мен, Талғат ағайды көргенде сол қазақтың ерлікке толы эпостарының кейіпкері ретінде, ағама сияқты асқақтықпен қараймын.
Талғат Құмарғалиұлының білім берудегі қызметі мен ғылыми ізденістерінің және университет деңгейіндегі үйлестіруші қызметі орасан зор. Бірақ, Талғат ағайдың ерекше бөліп қарайтын тұсы «4Cs» сұранысты дағдыларды студенттеріне, әріптестеріне, ұжымға үлгі ретінде тарата білуінде деп ойлаймыз. Бұл дағдылар өмір бойы білім алумен, кәсіби шыңдалуда және қоғамда өз орнын табумен тікелей байланысты.
Талғат Құмарғалиұлының бойындағы «4 К»: креативтік, кооперация (әріптестік), коммуникация (қатынас), критикалық ойлай білу қасиеті қоғамдағы беделін арттырып қана қоймай, көпке өнеге болса, бір жағынан қазір дәріптеліп жүрген дағдыларды үйренуге болатын әріптесіміз өз ортамыздан табылатын атап өткіміз келеді.
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-нің, Қазақстан тарихы
кафедрасының доценті Эльмира Десебайқызы