Тұңғыш өлең
Көргендеймін балалық күнді сенен,
Тергендеймін бір нәзік гүлді сенен.
Келгендеймін ауылдан жаңа ғана,
Қайта оқысам құмартып, тұңғыш өлең!
Тіл қатасың былдырлап нәрестемдей,
Жастық шақтың өзіңнен әні ескендей.
Ерте көктем самалы сен емес пе ең,
Кеткен екем ұмытып, сәл ескермей.
Тұңғыш өлең – тұңғыш сыр, тұңғыш қадам,
Сенен сырлы
Бойыма бір күш табам.
Тұғырымдай,
Сезіндім бір ұлымдай,
Ұшсам дедім биікке жұрт ұшпаған!
Баспалдақсың алғашқы,
Бала күнсің,
Мөлдір әлем едің сен жаңа, тылсым.
Балапансың талпынған биіктікке,
Қатаймаған қауырсын қанатымсың.
Тәй-тәй басқан көрдім де жолдарыңды,
Есіме алдым шын ғашық болғанымды.
Сақтап қалған сен ғана сол сезімді,
Сол мінезді,
Сол сырды,
Сол жанымды!
Көңілді алғаш көтерген сен ең көкке,
Жырларымды ұсынып келем көпке.
Өлең деп те өзіңді атау қиын,
Айта алмаймын өлеңнен төмен деп те.
Уығым-ау, арманым, ақ гүлім-ау,
Уызым-ау, ардағым, шат күнім-ау…
Ойға баттым, мұңайдым, жадырадым,
Жолықтым да өзіңмен, пәктігім-ау!