Арман әлем
Өлең, өнер – ардағым, арман әлем,
Жасымнан-ақ асылым, арбаған ең.
Жарық етіп жолымды жүрсең демеп,
Шабыт мініп шың-құзға самғаған ем.
Тәнге – саулық, жасартар жанға бал ең,
Кешегіні бүгінмен жалғаған ең.
Тоқсан тоғыз жүйемді балқытсаң сен,
Көрінетін қараңғы қалған әлем.
Мөлт-мөлт еткен көз жастай мөлдір әлем,
Достастырдың қобызбен, домбырамен.
Сен болып ең сүйгенім, сүйенгенім,
Сен боларсың өлерде соңғы да дем.
Азап әлем, сырлы әлем, ғажап әлем,
Азабыңның өзінен маздаған ем.
Келші тағы жаныма, аңсаттың ғой,
Берші тағы, өтінем, аз ғана дем!
Ел рухын көтерер арман әлем,
Бабам, анам кешегі салған ән ең.
Қан жүгіртші өмірдің өзегіне,
Өзгермейді өзіңсіз азған әлем!
1978 жыл